Байланыс>>
Қазақстан Жазушылар Одағы
<< № 2 № 3
№ 4 >>

«Жұлдыз» журналының шежіресі

1952, № 1

Қазақстан совет жазушылары одағы мен Искусство істері басқармасының айына бір рет шығатын басылымы «Әдебиет және искусство» деген атпен жарық көрді.
Журналдың жаңа жылдық бірінші санында Ғабит Мүсіреповтың «Қарағанды» романының алғашқы нұсқасы жарияланды. Романның бірінші тарауы «Жіңішке жол» деп аталған. Туындының бұдан кейінгі тараулары басылымның №2, №3 №4, №5 сандарынан орын алған.
Ақындар Тайыр Жароков, Сырбай Мәуленов, Сағынғали Сейітов, Есет Әукебаев, Әбдікәрім Ахметов, Әбу Сәрсенбаев, Тәкен Әлімқұлов өлеңдері де журналдың осы санында.
Басылымның соңында 1951 жылдың 26-желтоқсанында өткен Қазақстан совет жазушылар одағының V пленумы туралы қысқаша есеп берілген. Пленумда «ҚК (б)П Орталық Комитетінің VІІІ пленумының қаулысын орындаудың барысы және Қазақстан коммунистік большевиктер партиясының V съезінің қаулысын көркем әдебиет саласында жүзеге асырудың шаралары туралы» Қазақстан совет жазушылар одағы президиумының жауапты секретары Қ.Жармағамбетов баяндама жасады.

1952, № 3

Жазушылар Кәмен Оразалиннің «Біздің колхозда» повесінен үзінді, Кемел Тоқаевтың «Кек жолында» және Нығмет Ғабдуллиннің «Репортаж», «Мақтаныш», «Танысу», «Ескерткіш» атты әңгімелері жарық көрді. Ақындар Жаппар Өмірбеков, Тоқаш Бердияров, Нұрсұлтан Әлімқұлов және Мыңбай Рашевтің топтама өлеңдері бар. Сондай-ақ сыншы Айқын Нұрқатовтың «Гогольдің қазақ әдебиетіне әсері» деген көлемді мақаласы берілген.

1954, № 1

Журналдың жаңа жылғы бірінші саны Қуандық Шаңғытбаевтың «Досыма» деген өлеңімен ашылып, одан әрі ақындар Сырбай Мәуленов, Жұбан Молдағалиев, Әбу Сәрсенбаев, Ғафу Қайырбеков, Аманжол Шамкенов өлеңдері орын алған.
Тахауи Ахтановтың «Арыстанның сыбағасы» атты екі актілі, үш картиналы пьесасы да журналдың осы санында жарияланған.

1954, № 3

Бұл нөмірде қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романының екінші кітап тараулары алғаш рет жарық көрді. Ақындар Омар Шипин, Шона Смаханұлы, Өкім Жайлауов өлеңдері де осы санда.

1954, № 4

Басылым Мұхтар Әуезовтың «Абай жолының» «Құз-қияда» тарауымен ашылған. Сырбай Мәуленовтың «Көктемгі күн шұғыласында» өлеңдер топтамасы басылған, сондай-ақ Асқар Лекеров, Ғали Орманов, Қабдыкәрім Ыдырысов, Өкім Жайлауов және Берқайыр Аманшин өлеңдері берілген.

1954, № 5

Ақындар Әбділда Тәжібаев, Мұзафар Әлімбаев, Жақан Сыздықов, Мариям Хакімжанова, Халима Өтеғалиева өлеңдері журналдың алғашқы беттерінен орын алған. «Абай жолының» екінші кітабының соңғы тараулары да осы нөмірде жарияланған.

1954, № 6

Журнал Әбдіжәміл Нұрпейісовтың «Күткен күн» («Курляндия» романының жөнделген вариантынан тараулар) романымен ашылған. Әбділда Тәжібаевтың «Комсомол сөйлейді» поэмасы, сондай-ақ Мұқағали Мақатаевтың, Саттар Сейтхазинның, Қуандық Шаңғытбаевтың, Ғаббас Жұмабаевтың топтама өлеңдері жарық көрген.

Дайындаған Мұхамедия Жұмағалиев.

(← кері)
ҚАЗАҚСТАН ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫ Алматы қ. Абылай хан көшесі, 105
Яндекс.Метрика
Хатшылық құрамы Жаңалықтар Фотогалерея Қазақстан жазушылар одағының мүшелерi