Байланыс>>
Қазақстан Жазушылар Одағы
«Оралман»
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына орай түсірілген «Оралман» толықметражды көркем фильмі Bekmambetov cinema кинотеатрында БАҚ өкілдеріне көрсетілді.  
Кинотуынды ХХ ғасырдың 30-шы жыл­дары туған жерінен кетуге мәжбүр бол­ған, алайда ондаған жылдар өткен соң елі­не қайта оралған қандастарымыз жайлы. Жабық көрсетілім барысында фи­льм­нің сценарий авторы, кинодраматург Нұр­лан Санжар  фильм жайлы: «Қаржы­ның кешіктірілуіне байланысты бұл фильмнің көрермен қауымға жетер жолы ұзақ әрі күр­делі болды. Десек те, қаржы бөлініп, үл­кен экран арқылы тамашалап отырсыздар. Кино атамекеніне қоныс аударуды ар­мандайтын қарапайым адам туралы. Фильм авторының бірі ретінде, қазақ үшін Отан ұғымы күнкөріс қамы ыңғайлы жер емес, байтақ  дала екендігін жеткізгім кел­ді», – дейді.
Режиссер Сәбит Құрманбеков: «Нұрлан Сан­жардың сценарийін  қолға алғанда, көз ал­дыма туған жеріне бет алған адам­дардың то­зақтан жұмаққа қарай келе жатқан кей­пі келе қалды. Өйткені, менің кейіпкерім Ау­ғанстаннан Қазақстанға қоныс аудар­ған қандасымыз», – деп ағынан жарылды
Фильм аласапыран заманда шетел ауып, енді тәуелсіз ел болған Отанына қай­та оралуды аңсаған қазақ отбасының бас­тан кешкен қиындығын суреттейді. 
Таулы қышлақтан шыққан отбасын ұзақ жол күтеді. Ақыры Қазақстанның шекарасына жетеді. Қарттың ар­ма­ны орындалып, туған елімен қайта қауы­ша­ды. Ол жерді сүйіп, көзіне жас алып, ата­мекеніне оралғанына қуанады. Миг­ра­циялық полиция отбасыға Бай­­қоңыр­ ға­рыш айлағына жақын орналасқан Төретам ауылына жолдама береді. Олар осында үй салып, жаңа өмір бастап, үлкен отбасы болғысы келеді. Алай­да, көп ұзамай Ба­зарбай қарт дү­ниеден өтеді. Сапарқұл қи­рап қалған әскери радар ғимаратын қай­та жөндеп, орнына мешіт тұрғызады. 
Иә, Жұмақ мекен – қазақ жерін аңсап кел­ген Базарбай қарт дүние салғанда оның ұлы әке сүйегін қояр жер таппай, бейіт­тің әскери полигон аумағына өтіп ке­те­тін тұсы – Шыңғыс Айтматовтың «Бо­ранды бекетіндегі» Қазанғаптың сүйе­гін сонау алыстағы бейітке  апарып, «әс­ке­ри нысанның» аумағына айналып кет­кен­дік­тен көме алмай қайтқан Едігенің кей­пін бір елестеткені рас. 
«Оралман» фильмінің сценарийін ки­нодраматург Нұрлан Санжар Сәбит Құр­манбековтің қатысуымен жазған. Ком­по­зи­торы – Айдос Сағат. Фильмнің тү­сі­рілім жұмыстарына киностудияның бұрынғы жобаларына қатысып, табысқа жеткен, жүк­телген міндеттерін абыроймен орындап шыққан киногерлер – режиссерлер, опе­раторлар, сазгерлер мен суретшілер жұ­мылдырылған. Фильмге Дулыға Ақ­мол­да, Есім Сегізбаев, Ержан Түсіпов, Шы­нар Асқарова, Баян Қажынәбиева сынды қа­зақ­стандық танымал актерлер түс­кен.
Нұртай Лахан,
журналист:
– «Оралман» шетелден атақонысына бет алған қазақтар жайлы түсірілген алғашқы толықметражды көркем фильм. Көрермен ретінде бір көруге татиды деп есептедім. Әрине, бір ғана отбасының тағдырын суреттейтін фильмнен Қазақстанға оралған миллион қазақтың тағ­дырын іздеудің қажеті жоқ. Бірақ режиссер Базарбай ақсақал арқылы атажұртына асыққан миллион қазақтың сезімін және Сапарқұл арқылы сол миллионның келгеннен кейінгі көрген теперішін жеткізуге талпынған. Мен бұл пікірді сол сырттан келген мил­лионның бірі ретінде айта аламын, кинодан сезіндім. Білесіз бе, 1992 жылдың шілде айында біз Қазақстанға көшетін болдық. Үйде сатылмай қалған оншақты лақты ешкі мен бір бұзаулы сиыр бар еді. Әлгі малдарды көшетін күннен бір күн бұрын жездеміздің үйіне апарып тастағанбыз. Таңертең жүкті көлікке тиеп, барлығымыз жолға шықтық. Сол сәтте әлгі он лақ пен бұзау көш жүретін қара жолдың бойында қоштасқандай болып тізіліп тұр екен. Сенесіз бе, қоштасуға келіп тұрғандай. Сол сурет әлі көз алдымда. «Мал, малдан кейін мені ал» дейтін қағида бойыма сіңіп қалды ма, әлгілерді көргенде көзіме жас алдым. Сол сәттегі басымнан кешкен сезімді кеше кинодан көрдім. Сол секілді, кино кейіпкерлерінің Қазақстанға келіп, пойыздан түскен сәттегі алғашқы әсерлері, жергілікті жұрттан көретін теперіштері: бірі – сөзбен, екіншісі – таяқпен... Бірақ жиырма жыл бақ, жиырма жыл сор тұрмайтындығын. Оларға да күн туатындығын режиссер барынша шынайы, әсерлі жеткізген. Баспасөз мәслихатында  киноның атауына, ондағы кейбір көріністерге қатысты сын-пікірлер айтылып жатты. Меніңше, ол түкке тұрмайтын дүние.
ҚАЗАҚСТАН ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫ Алматы қ. Абылай хан көшесі, 105
Яндекс.Метрика
Хатшылық құрамы Жаңалықтар Фотогалерея Қазақстан жазушылар одағының мүшелерi